Қыстың сақылдаған аязы, алай-дүлей бораны өтіп, табиғат оянып, жер аяғы кеңіп, күн жылынысымен ауыл шаруашылығы дақылдарының өндірісіне шаруашылық және экономикалық нұқсан келтіретін зиянды ағзалардан (зиянкестер, өсімдік аурулары және арамшөптер) өсімдіктерді қорғау ісі жандана түседі. Осы орайда ауылшаруашылығы дақылдарының зиянды ағзаларына фитосанитариялық мониторинг пен олардан кешенді қорғау шараларын іске асыру қажет.
Қазақсан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясы», «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар орталығы» мемлекеттік мекемесімен бірлесіп, жыл сайын бірқатар жұмыстар атқарып келеді, ерекше қауіпті зиянды және зиянды организмдерге қарсы мониторингтік зерттеулер мен зиянкестерді бақылау және олардың даму сатысы бойынша есептілігін жүргізу және басқа да жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Ағымдағы 2022 жылы облыс бойынша аса қауіпті зиянды организмдерге 179 мың га жерге, қауіпті организмдерге қарсы 20 мың га жерге зерттеу-бақылау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Шегірткелерді үйірлі және саяқ шегірткелер деп екіге бөледі. Аса қауіпті зиянды организм болып саналатын үйірлі шегірткенің саяқ шегірткелерден айырмашылығы – жаппай көбею кезінде үлкен топтар құрып, бірнеше жүздеген, мыңдаған гектар жерді басып, 1 (бір) күн ішінде бірнеше ондаған километр жерге орын ауыстырады, бір күнде 200 шақырым жерге дейін ұшып бара алатын қабілетке ие. Жаздың екінші жартысында жұмыртқа салады, дернәсілдері мамыр айының соңында шығады, 35-40 күннен кейін қанаттанады. Бұл зиянкестердің ауыл шаруашылығына тигізетін зияны зор, үйірі 1-2 сағат ішінде мыңдаған астық алқабын жоқ қылып жібереді. Сонымен қатар, қырыққабат, қарбыз, күнбағыс және тағы басқа да өнімдермен қоректеніп, біршама зиян келтіреді. Мысалы, 2003 – 2005 жылдары үйірлі шегіртке Батыс Африкадағы егістік алқаптарын жалмап, 2,5 млрд доллардың өнімін құртып кеткен. Жоғарыда аталған аса қауіпті зиянды организм үйірлі шегірткеге қарсы ағымдағы жылы облыс аумағында 141 мың гектар жерге зерттеу жұмыстары жүргізу жоспарланды. Егер, зерттеу жұмыстары барысында бұл организмдердің таралу көлемі экономикалық зиянды шектен асатын болса, тиісті шаралар қолданылып, өңдеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Қазіргі таңда, үздіксіз, сапалы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2016 жылдан бері облыс аумағында үйірлі және саяқ шегірткелердің қоныстану тығыздығы экономикалық зияндылық шегінен төмен болды.
Шегіртке көбейетін болса, одан өңіріміздегі егін шаруашылығы мен мал шаруашылығы зардап шегетіні анық. Бұл жағдайдың алдын алу үшін жан – жақты, бірлесе жұмыстар атқарылуы қажет. Сондықтан, шегірткенің облыс аумағында қонуы байқалған жағдайда шаруа қожалығы, жылыжайлар иелері және облыс тұрғындары мына телефондарға 8/7292/605041, 605040 немесе Ақтау қаласы, 23ш/а, №39 үйде орналасқан ҚР АШМ АӨК МИК «Маңғыстау облыстық аумақтық инспекциясына», Инспекция сайты, фейсбук парақшасы арқылы сонымен қатар аудандық, қалалық аумақтық инспекцияларға хабарлауыңыз сұралады.